Аты тамаша, заты да сондай болсын

18.09.14

«Қазақ қызы» институты жобасы Елбасы Н.Назарбаевтың бола­шақ ананы мәдениетті, әдепті әрі инабатты етіп тәрбиелеу жөнін­­де­гі тапсырмасын іске асыру мақ­са­тында құрылған жоба болып та­былады. «Ең алдымен біз қазақ қыздарының тәрбиесіне үлкен мән беруіміз керек. Олар болашақ жар, болашақ ана, шаңырағымыздың ұйытқысы», деген еді Президент өзінің «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясында.

Бұл мәдени ошақтың ерек­шелігі сол – мұнда қазақстандық қыз­дар қазақ ұлтының тұрмыстық мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрып­тарымен, бір сөзбен айтқанда ина­бат­тылық нормаларымен терең танысатын болады. Осы тұрғы­дан алғанда, институтты болашақ қазақ келінін дайындайтын орталық деп те айтуға болады. Оның жұмысына білікті қазақ аналары кеңесші ретінде қатысатын болады деген де болжам бар.

Сонымен қатар, институт еуропалық үй тұрмысы мәде­ние­тімен, ас басы, отбасы жүйе­лерінің қыр-сырларымен, озық үлгілерімен танысатын болады. Оның аспаздыққа, қолөнеріне, билеуге, үстел мәзірін жасауға үйрететін курстары да бар. Сонымен бірге, қыз­дарды атқа салт мінуге үйрету үшін ипподромға апа­рып тұратын бағыт та қарасты­рылыпты. Институтқа 8-17 жас аралығындағы қыздар қабыл­данып, олар ақылы түрде болашақ келін, ана білуге тиісті үй-тұрмыстық өнерлерді бойларына сіңіретін болады. Сабақ аптасына 3 рет, 2-3 сағаттық уақытта өтеді, оқу-үйрету ақысы әзірге 50 мың теңге болып белгіленген. Аптасына бір рет барлық жастағы топтарға танымал қайраткерлердің қатысуымен дәрістер, шығармашылық кездесу, тақырыптық кеш сияқты ор­тақ сабақтар өткізіледі. Инс­титут бір тоқсанда 300-ге жуық қызды қабылдап, оқыта алады.

Институттың тұсауын Мә­жіліс депутаттары, Әлеу­мет­тік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Ықсанова мен Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Зағипа Балиева кесті. Ашылу салтанатында институттың президенті Қарақат Әбден, Парламент Сена­тының депутаты Бірғаным Әйті­мова және басқалар сөз сөйледі. Институттың президенті өзінің осынау жобасын алғашқы болып қолдаған Президент жа­нындағы Әйелдер істері және отба­сылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға, «Нұр Отан» партиясына, Астана қа­ласы әкімдігіне және «Даму» кә­сіп­керлік қорына алғысын айтты.

Одан әрі салтанат институттың ішіне жасалған экскурсияға жалғасты. «Қазақ қызы» десе дегендей, институттың іші айнадай жарқырап және жалтыраған сә­німен кірген адамды ішіне тартып тұр. Орынды біліктілікпен орналастырылған қымбат жиһаз­­­дары да көздің жауын алады. Орталықтың шын мәнінде әдепті де инабатты қыздарға арналған орын болатыны күмәнсіз. Тек жұ­мыстарының нәтижесі де ойлаған межеден шықсын деп тілейсің.

Жақсыбай САМРАТ,«Егемен Қазақстан».

жаңалыққа оралу